Мәдениет

Тәуелсіз елмен құрдас шаңырақ

Отбасы

Ыстық көктем

Шалқар қаласының тұрғындары ерлі-зайыпты Қолқанат пен Гүлнарға қазақ елінің  егемендікке алғаш қол жеткізген шағы — 1991 жылдың көктемі өте ыстық. Себебі олар сол жылдың көктемінде шаңырақ көтерген.

Қолқанат 1969 жылы аудандағы қазіргі Ақтоғай селолық округіне қарасты Қауылжыр ауылында дүние есігін ашқан. Ал зайыбы Гүлнар 1970 жылы осы ауданның Бозой селосында өмірге келген. Бозой мен Қауылжыр елді мекендері аудан орталығы Шалқардың екі бағытындағы шалғай нүктесінде орын тепкен. Арасы біраз жер болатын екі ауылдың баласы бір-бірін қалай тауып, дәм-тұздары қалай жарасты? Ол туралы кейіпкерлеріміздің өздері айтсын…

Бұдан бақандай 20 жыл бұрын бас қосқан екі жас бүгінде балаларының асқар таудай әкесі, ақылман анасы атанып,  үлкен бір шаңырақтың тірегі болып  отыр.

Қолқанат — қырғыз аталығының тарихқа белгілі тұлғасы Ақкісі бабаның тікелей ұрпағы.

— Рас, үлкендер бізді «Ақкісінің ұрпағы сендерсіңдер» деп, шаңырағымызды қасиетті отау санайды. Мен аға буынның осы айтқан қастерлі сөздеріне әрдайым сызат түсірмеуге тырысамын. «Қонақ келсе — құт» деген емес пе? Үйімізден ешқашан қонақ арылып көрген емес. Отбасына береке, бірліктің ұюы әйел затына да байланысты. Менің зайыбым көп балалы отбасында тәрбиеленген, көргені мол, кішіпейіл жан. Шаңырақтың ырыс-несібесі, құт-берекесі  босағадан басталатынын ол жақсы біледі. Жарың ақылды, жүзі жайдары болса, үйіңнің де берекесі мол болатыны сөзсіз. Ал менің келіншегім сондай адам. Әрине, біреудің ерке қызына өзге шаңырақтың тірлігімен бірден біте қайнасып кету оңай емес. Десек те, ақылшы аналарының сөзіне көбірек құлақ түре білген қыз бала бұл сындардан сүрінбейтініне Гүлнармен отасқаннан кейін көзім жетті, — дейді отағасы Қолқанат  Құдайбергенов.

— Ауылдағы мектептен орта білім алғаннан кейін Ақтөбе қаласындағы кооперативтік техникумға оқуға түстім. Бұрынғы уақытта оқуға түсу, алған мамандығың бойынша жұмысқа орналасу, қиынның қиыны болатын.  Жұмыс қай жақтан табылса, сонда кететінбіз. Техникумды бітірісімен мен 1989 жылы Бершүгір кеңшарына есепші болып жұмысқа орналастым. Ол кезде ауыл жастары бос уақытын қызықты өткізуші еді.  Ауылдағы шағын клубта болатын түрлі шаралардың бірінен де қалмайтынбыз. Үнді киноларының көрсетілімі кезінде клубқа сыймай қалушы едік.  Бұрын көрмеген кино көре қалсақ, соны бір ай бір-бірімізге айтып жүретінбіз.

Сөйтіп жүріп, бірде Қауылжырдың тумасы Қолқанатпен таныстым. Оның әскерден келген кезі екен. Үш жыл әскери борышын Қара теңізде флотта өтепті. Әсілінде маған әскерден келген жігіттердің көбі мақтаншақтау, күші бойына сыймай тұратындай көрінетін-ді. Бірақ бұл жігіттің бойынан ондай артық қасиеттерді аңғармадым. Жігіттік болмысына сай өзінің сабырлы сөздері менің жүрегімді бірден баурай бастады. Алғашында қарапайым дос едік,  көп ұзамай достық қатынасымыз үлкен махаббатқа ұласты. Сөйтіп, шаңырақ көтердік. Наурыз мерекесінде шаңырақ көтергенімізді былай қойғанда, дәл осы күні менің анам Даража дүниеге келген-ді. Мен осылай осыдан 20 жыл бұрын анамның туған күнінде тұрмысқа шығып, оған  үлкен сый жасағанмын, – деп жымияды Гүлнар Қалдыбаева.

Иә, тоқсаныншы жылдары дүкен сөрелерінде азық-түлік қат болғанын, оны сатып алудың өзі қиынға соққанын жұрттың көбі жақсы біледі. Сондай қысылтаяң уақыт болса да, анасы Базаргүл тұңғыш ұлы Қолқанаттың үйлену тойын ешкімдікінен кем қылмай өткізген.

Қолқанаттың әкесі Жоламан теміржолшы болған. Бірақ әке ғұмыры қысқа болып, ол 1985 жылы 43 жасында өмірден озған. Ал 6 баланы бағып-қағып, аяққа тұрғызу аналары Базаргүлге жүктелген. Балаларының үлкені Қолқанат әке тәрбиесінің шет жағасын көріп өскен соң, бауырларына қамқор болуға тырысыпты. Әскерден келген соң ауылда теміржолға жұмысқа орналасып, анасына қолқанат бола бастайды. Алғаш еңбек жолын электромонтерлықтан бастаған жас жігіт жұмысына тиянақты, әр ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын болады. Осындай өз ісіне деген адалдығы оны үнемі қызметінде өсу жолына сүйрейді. Ауылда жүріп-ақ теміржолда электромонтер, электромеханик, аға электромеханик сынды жауапты  қызметтер атқарады. Осы қызметтерде жүріп Ақтөбе теміржол колледжі, М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар Академиясында теміржол саласы бойынша оқып, білімін жетілдіреді.

Зайыбы Гүлнар қазір үй шаруасында және балаларының тәрбиесі де соның мойнында. Себебі, отағасы үйден гөрі түзде көбірек іссапармен жүреді. Шынында да, теміржол саласы қызметкерлеріне қойылатын талаптың  әскери тәртіптен еш айырмашылығы жоқ. Қолқанат қазір де осы салада жауапкершілігі мол жұмысты атқарып жүр. Ол қазіргі таңда Шалқардағы №3 Шалқар белгі беру және байланыс дистанциясының бас инженері.

— Марқұм әкем өмірінің соңына дейін темір жолда электромеханик қызметін атқарды. Мен әке жолын қудым десем де болады. Осы теміржол саласында еңбек еткеніме де 20 жылдан асып бара жатыр. Шаңырақ көтергеннен  кейін 7 жыл  Қауылжырда тұрдық. Анам қолымда болды. Аудан дегенімізбен Шалқардың әр аумағында ауа райы да әртүрлі ғой. Мысалы, Гүлнардың туған жері Бозой өлкесі оңтүстікке жақын болғандықтан ба, ол жердің көбіне қысы жайлы болады. Ал Қауылжырдың бұрын қысы өзгеше болатын. Қыста қатты боран болғанда мал қоралардың есігін қар басып қалушы еді. Ертемен тұрып  үйдегілер болып жабылып сәске түске дейін сол қарды тазалайтынбыз. Бастапқы жылдары Гүлнар біздің ауылдың қысына  үйренісе алмай жүрді. Кейін ауылдың қысына да, үй шаруасына да үйренісіп кетті. Қыста боран болса  қораны қардан өзі тазалап, малын сауып, жайлай  беретін болды. Мақтағаным емес, ол әуелден-ақ  үй іші мен қораның жұмысын қатар алып, игеріп кетті, — дейді зайыбы туралы Қолқанат.

Негізінен, ауыл тірлігі Гүлнарға таңсық емес.  Өзі отбасындағы он баланың жетіншісі, қыздың кенжесі екен. Келін болып түсісімен ол күйеу жігіттің шаңырағындағы тірлікке бірден араласып кеткен. Ал Гүлнар қиындығынан гөрі қызығы көп сол кездерді  сағынышпен былайша еске алады:

–– Ауыл тірлігі маған әрқашан ыстық. Қауылжырда тұрғанымызда Қолқанат екеуміз  мотоциклге мінгесіп алып, көрші Мөңке би ауылындағы достарымызға жиі қонаққа барып тұратынбыз. Мотоцикл жолда талай бұзылып, діттеген жерімізге әрең жететінбіз. Ол кезде достарымыздың арасында «жеребе» деген үрдіске айналған. Қыс болса «жеребені» сылтауратып осы екі ауылдың ортасын жол қылатынбыз. Қауылжырда тұрғаннан кейін Қолқанаттың қызмет бабымен 1997 жылы Қотыртасқа көшіп барып, ол ауылда он жыл  тұрдық. Қотыртас та біздің отбасымыз үшін құтты қоныс болды. Онда достарымыз көптұғын.

Алғашқы жылдары  үй тірлігінде білмегенімді енем үйретіп отырды. Ол өте қарапайым кісі. Кейде көпшілік арасында ене мен келін туралы небір әңгімелер айтылып жатады. Тәуба, мен енеммен ешқашан ренжісіп көрмеппін. Жалпы, келінге ақылшы болар ененің болғаны жақсы екен. Ол мені өзінің қызындай көрді, мен оны туған анамдай сыйладым. Бұл шаңыраққа өзімнен кейін түскен келіндер де алдына түсіп көрген жоқ. «Абысын тату болса, ас көп» деген нақыл сөз бар. Келіндерім осы әулеттің үлкен келіні ретінде мені де ақылшы тұтады.  Қазір әр жақта тұрса да олар маған жиі хабарласып, мейрамдарда телефон шалып, құттықтап,  ізеттерін білдіреді. Осының өзі татулықтың, ауызбірліктің белгісі емес пе?!

Бұл әулеттің балалары Қауылжырдағы  үлкен шаңырақтан өсіп-өнді. Қазір ол үйде Қолқанаттың өзінен кейінгі інісі Ғаният отбасымен тұрады. Ал аналары Базаргүл апай бүгінде Ақтөбе қаласында кенже ұлы Жанболаттың қолында тұрып жатыр. Аналары қала тірлігінен зерігіп кетсе, осындағы балаларының үйіне келіп, бірнеше күн болып кетуді дағдыға айналдырған.

Гүлнардың айтуынша, отағасы Қолқанат жаратылысынан көп сөзге әуесі жоқ, бір сөйлейтін жігіт екен. Отағасының бұндай қасиетін ол: «Нағыз еркектің мінезі менің жолдасымдікіндей болуы керек», — дейді. Гүлнар отағасы мен балалары туралы былай деді:

— Болмашы нәрсені сөз етіп, қазан-ошаққа жағаласу еркекке жат қылық. Құдайға шүкір, әйтеуір Қолқанат ұсақ-түйекшіл емес.  «Әйел — үйдің түп қазығы» деп халқымыз бекерге айтпаған. Қазан-ошақ қамы, күйеуімнің табысын үйлестіріп жұмсау, балалардың тәрбиесі мен оқу үлгерімі менің мойнымда.

Біздің Айсұлу, Ақерке, Ұлжан атты қыздарымыз бен Ерболат, Азамат атты  ұлдарымыз бар. Сонымен бірге, қайным Ғанияттың Айболат деген баласы кішкентайынан біздің қолымызда оқып жатыр. Балаларымның барлығының да оқу үлгерімдері жақсы. Тұңғышымыз Айсұлу қазір Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Агротехникалық университетте І курста оқиды. Ол біздің үйде баланың, ал әжесі үшін немеренің үлкені. Сол себепті, көбіне әжесінің тәрбиесінде болды.  Бауыр басып кеткендігі соншалық, Айсұлу демалысқа келсе, бізге соқпай ең бірінші әжесіне барады. Ал 6-сыныпта оқитын ұлымыз Ерболат әзілқой. Дастарқан басында қай-қайдағы қуақы сөздерді тауып айтып, біздерді күлкіге батырып отырады. Өзі мектепте өтетін шараларға жиі қатысады. Теледидардан көрсететін «Көңілді тапқыштар отауы» (КВН), «Тамаша», «Шаншар» сынды әзіл-сықақ бағдарламалардың біреуін жібермей қарайды.

8-сыныпта оқитын қызымыз Ұлжан – биші, «Салтанат» би тобының мүшесі. Өткен жылы аталмыш би тобының құрамымен бірге Алматы қаласында өткен республикалық «Айгөлек» балалар байқауына қатысып қайтты. Біздің бар байлығымыз бен бақытымыз осы балаларымыз бен жан-жағымыздың амандығы.

Жарасымды жұп Қолқанат пен Гүлнар – осылайша балаларына өнегелі ата-ана болып, бір отбасының ынтымақ-берекесін арттырып отырған үлгілі жандар. Олар ел Тәуелсіздігін алған жылы шаңырақ көтергендерін мақтан тұтады.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button